Страны открытые для посещения Казахстанцам

Бигбоб Бакуде!

file_580.jpg

Әзірбайжан астанасы Бакуде қызықты не бар? Неліктен Әзірбайжанды «оттар елі» дейді. Біз сіздермен осы сұрақтарға бірге жауап іздеп көреміз.

Қалай баруға болады?

Біз Бакуге Ақтау қаласы арқылы FlyArystan компаниясымен ұштық. Ақтау-Баку бағытында ұшақ бар-жоғы 50 минут ұшады. Ертерек қамдансаңыз, Бакуге бір адамға 30-35 мың теңгеге билет табуға болады.

Транспорт.

Баку қаласында таксимен жүрдік. Мұнда Яндекс, Uber, Bolt қосымшалары жұмыс істейді. Жақын жерлерге 2-3 манат, қашықтау жерлерге 5-6 манат шығады. 1 манат 285 теңге. Бакуде сонымен қатар, метромен және автобуспен де жүруге болады. Билет бағасы – 30 гяпик, яғни 0,3 манат. 

Қонақ үй.

Біз Бакуде болған 4 күнде екі қонақүйде болдық. Екеуі де ескі қалашықтың, яғни Ичери шехер аумағында болды. Бағалары қымбат емес. Бір түнге 12 000 теңгедей болды шамамен.

Бакуде не көруге болады?

Баку – Әзірбайжанның астанасы, Каспий теңізінің жағалауында, Апшерон түбегінде орналасқан қала.

Басты көрікті орындарының бірі – Ичери шехер. Ичери шехер әзірбайжан тілінен аударғанда «ішкі қала» деген мағына береді. Бұл Бакудің ескі ауданы. Қамалмен қоршалған аумақ Қыз мұнарасы және Ширваншах әулетінің сарайымен бірге ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген. Әйгілі «Бриллиантовая рука» киносы түсірілген жер де осы қалашықтың ішінде.

Баку ескі қалашығымен ғана емес, заманауи ғимараттарымен де таңқалдырады. 

Гейдар Әлиев орталығы – Әзірбайжанның үшінші президенті Гейдар Әлиевтің өмірі мен қызметін көрсету үшін ашылған орталық. Орталықтың сәулеті өте ерекше, мұнда тік сызықтар жоқ деуге де болады. Авторы әйгілі британиялық архитектор Заха Хадид. Орталықтың ішінде музыкалық аспаптар мен қуыршақтар көрмесі де бар. Билет құны – 15 манат.

Кілем музейі. Әзірбайжан өзінің кілемдерімен әлемге әйгілі. Елдің әр өңірі кілемді өзінше тоқиды және олардың ою-өрнектері де әртүрлі. Музейде кілемнің жасалу процесі бастан аяқ көрсетілген. Кейбір кілемдердің шағын нұсқалары да бар, оларды қолмен ұстап көруге болады. Кіру құны – 10 манат.  

Бұдан бөлек, Бакуде серуендеп, қала тынысымен танысқыңыз келсе, Бакудің теңіз жағалауы бульварына және Истиглалият көшесіне баруды ұсынамын. 

Бакудің айналасынан не көруге болады?

Гобустан. Бакуден 50 км жерде Гобустан ұлттық табиғи паркі орналасқан. Бұл жер ерте замандағы петроглифтер және лайлы жанартауларымен танымал. Петроглифтердегі суреттердің салынған уақыттары әртүрлі. Мұнда тіпті рим әскерінің жазбалары да бар.

Атешгях храмы. Баку қаласынан 30 км жерде отқа табынушылардың храмы бар. Бұл храмда 1902 жылға дейін табиғи от жанып тұрған. Зорастризм дініне сенушілер үшін бұл храм киелі саналған. ХІХ ғасырда храмға жақын маңда мұнай, газ игере бастағандықтан, от сөніп қалған. 2007 жылдан бері музей ретінде жұмыс істейді.

Янардаг. Бакуге жақын жердегі тағы бір ерекше жер – Янардаг тауы. Аты айтып тұрғандай, бұл жанып жатқан тау. Сөнбейтін бұл мәңгі алаудың шығу себебі тау қыртысындағы табиғи газдың жақын орналасуына байланысты. Янардаг қазіргі уақытта ерекше қорғалатын қорық саналады. 

Тамақтану. Баку – гастрономиялық туризмді ұнататындар үшін таптырмас мекен. Өйткені, мұнда тағамды өте жақсы дайындайды. Әлбетте, Әзірбайжанның ұлттық асханасын, оның ішінде долма, садж, шах палауының дәмін татып көруге кеңес беремін. Анар шырынын ішіп, қауын-қарбыз, жеміс жидектерді де көбірек жеуге тырысыңыз. Бұл жақта барлығы табиғи, бағалары да бізден арзанырақ. Мейрамханаларға келер болсақ, Бакудегі La Quzu және Qaynana мейрамханаларына барсаңыз, өкінбейсіздер.

Кәдесыйлар. Әзірбайжаннан кәдесый ретінде шағын кілемше немесе сөмке, әшекей бұйымдар алуға болады. Ескі заттар сататын дүкендерден сатушымен саудаласып, бағасын түсіртіп ала аласыз.

Бакуден алуға болатын тағы бір қызықты зат – армуд стакандары. Шәй ішуге арналған бұл стакандардың бағасы кәдесый дүкендерінде 30 манаттан басталады. Супермаркеттерде арзандау болуы мүмкін.

Тағамдардан әзірбайжан пахлавасын, халва және шай алуға болады.

Бобтан лайфак.

Баку қаласында 2GIS, maps.me, Google maps қосымшалары бар. Бірақ, Ичери шехердің аумағындағы объектілердің орналасуын дұрыс көрсетпейді. Сосын Ичери шехердің аумағына көлікпен кіру ақылы, 2 манат тұрады, сондықтан кейбір таксилер қамалдың сыртына дейін ғана келуі мүмкін.

Туристер Әзірбайжаннан қара уылдырық сатып алып жатады. Бір адамға 250 граммнан артық алып шығуға болмайтынын естен шығармаңыз, кассалық чек міндетті түрде болуы керек.

Базарбек Қамысбаев

@bazarbek_qamysbayev

Скачать