Страны открытые для посещения Казахстанцам

Гамарджоба, Грузия!

file_410.jpg

Бүгін сіздерге Сакартвелоға жасаған саяхатымыз жайлы айтып беремін. Иә, грузиндер өз елін дәл осылай атайды. «Сакартвело» сөзі грузин тілінен «картвелдер елі» деген мағына береді. Ел атауы орталық Грузиядағы Картли өңіріне байланысты шыққан.

Қалай баруға болады?

Қазақстаннан Грузияның бірнеше қаласына тікелей рейстер бар:

Атырау, Ақтау, Астана, Шымкент қалаларынан – Кутаисиге FlyArystan,

Астанадан – Тбилисиге Air Astana, Алматыдан – Тбилиси мен Батумиге Air Astana,

Ақтаудан – Кутаиси, Тбилиси, Батумиге SCAT

Лоукостер болғандықтан біз FlyArystanды таңдадық, 2 адамға бару-келу билеті Астана-Кутаиси-Астана бағыты бойынша 210 000 теңгеге шықты. Біз шамамен 2 ай бұрын алдық, егер ерте алсаңыз, бұдан да арзандау болуы мүмкін.

Елі ішіндегі трансфер

Біз Грузияның 4 қаласы Тбилиси, Кутаиси, Батуми, Боржоми қалаларында болдық. Қалалардың арасында автобуспен жүрдік. Кутаиси-Тбилиси 6000 тг. Тбилиси-Боржоми 4000 тг. Боржоми-Батуми 9000 тг. Тек Батумиден Кутаисиге 15 000 теңгеге таксимен бардық. Сосын Прометей үңгіріне барып келу 11 000 теңге болды. Қалалардың ішінде Яндекс таксимен, Maxim таксимен жүрдік. Ең арзаны Maxim такси.

Қонақ үй

Тбилисиде 4 күн, Батуми, Боржоми, Кутаисиде бір бір күннен болдық. Қонақ үйдің бәрін Booking-тен броньдадық. Genius 1-деңгейдің арқасында 10% жеңілдік болды. Жалпы 7 күнге қонақ үйге 117 000 теңге кетті. Біз аса қымбат қонақ үйлерді таңдамадық. Ең жақсы ұнаған қонақ үй Кутаиси қаласындағы Signature Boutique Hotel болды. Мұнда бар болғаны 4 нөмір ғана бар, бәрі прованс стилінде безендірілген. Біз наурыз айында бардық, бұл кезде Грузияда туристік маусым әлі басталмайды. Ауа райы салқындау болды. Ал Грузиядағы қонақ үйлердің басым көпшілігі тек еден арқылы жылытылады. Сондықтан, көктем-күзде барып жатсаңыз, батареялар арқылы жылытылатын қонақ үй таңдаңыз.

Грузияда не көруге болады?

Грузия шағын ғана ел. Бірақ мұнда көруге тұрарлық керемет жерлер көп, тау да, теңіз де, табиғат та бар.

Тбилиси.

Ел астанасы Тбилиси ежелгі қалалардың бірі. Қаланың негізі V ғасырда қаланған. Ескі Тбилиси сәулетінің сұлулығымен таңқалдырады. Нарикала бекінісі, Абанотубани ауданы, ежелгі моншалар мен сол аудандағы сарқыраманы міндетті түрде көру керек. Тбилиси алақандағыдай көрінетін Мтацминда саябағының орны тіпті бөлек, мұнда 30 лари төлеп, фуникулермен көтерілуге болады.

Тбилисиде, жалпы бүкіл Грузияда храмдар мен шіркеулер өте көп. Цминда Самеба шіркеуі Грузиядағы үлкендігі бойынша екінші шіркеу. Бұл жерден қалаға өте әдемі панорамалық көрініс ашылады.

Саакашвили тұсында салынған Бейбітшілік көпірі, Рике саябағы, Президент резиденциясы сияқты жаңа нысандар да қалаға айрықша көрік беріп тұр.

Кахетия.

Тбилисиден 100 км жерде Сигнахи деген кішкентай қала бар. Грузияның шығысындағы Кахетия деп аталатын өңірге қарайды. Бұл жерден Грузиядағы шараптардың 90% шығатын Алазан алқабын тамашалауға болады. Қала кішкентай болғанымен, туристердің сүйікті орны. Мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін неке сарайы бар, сондықтан да Сигнахиді махаббат қаласы деп атап кеткен. Біз бұл өңірге Винерия Кахетия деп аталатын шарап зауытына экскурсияға келдік. Бізге грузин дәстүрі бойынша шараптың қалай жасалатынын айтып, көрсетіп берді. 11 түрлі шараптың дәмін татып көрдік.

Мцхета.

Тбилисиден 25 км жерде орналасқан ежелгі қала. Негізі б.з.д. V ғасырларда қаланған. Қала Арагва және Кура деп аталатын қос өзеннің қосылған жерінде бой көтерген. Бірақ, бір қызығы бұл өзен сулары араласпайды, оны өзен суларының әртүрлі түсінен байқауға болады. Лермонтовтың әйгілі «Мцыри» поэмасының оқиға желісі осы өлкеде болған. Мцхета қаласына жақын жерде ежелгі Джвари храмы бар. Джвари храмы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасының тізіміне Грузиядан енген алғашқы нысан. Таудың төбесіндегі бұл храм өзінің керемет көрінісімен таңқалдырады. Көптеген туристік плакаттарда, ашықхаттар да дәл осы Джвари храмының суретін жиі көруге болады. 

Батуми.

Қара теңіз жағалауындағы бұл қала әйгілі Али мен Нино ескерткішімен танымал.

Қосылмай қалған қос ғашық жайлы роман кейіпкерлеріне негізделіп жасалған бұл мүсін әдемі болғанымен, бірақ кішкентай екен.

Батумидің басты көрікті орны, әрине – Қара теңіз. Күн суық болғандықтан, біз суға шомылмадық. Алайда, теңіз жағасында тынығып, бір сергіп қалдық. Содан соң Alphabet Tower мұнарасына көтерілдік, формасы бойынша біздің Бәйтерекке қатты ұқсайды. Мұнараның сыртында грузин әріптері жазылған.

Батуми – түнгі серуен мен казиноның ордасы. Бұл жақта көңіл көтеру орындары, клубтар таң атқанша жұмыс істейді. Қалауыңыз бен қалтаңызға қарай өз демалысыңызды естен кетпейтіндей етіп өткізе аласыз.

Кутаиси.

Кутаиси кішкентай ғана қала. Бар болғаны 135 000 халық тұрады. Соған қарамастан ірі транспорттық хаб. Кутаиси әуежайынан Еуропаға арзан бағада ұшуға болады.

Көрікті орындарына келетін болсақ, ХІІ ғасырда салынған Гелат шіркеуі, Баграт храмының сәулеті керемет. Қаладан 20 км жерде әйгілі Кумистави үңгірі орналасқан. Бұл үңгірді Прометей үңгірі деп те атайды. Жалпы ұзындығы 11 км, ал 2011 жылы туристер үшін 1 км бөлігі ашылды. Бүгінде Прометей үңгірі келушілер көп келетін орындардың бірі.

Боржоми.

Боржоми – Грузияның бальнеологиялық курортты қаласы. Қаланың басты көрнекілігі ол әрине Боржоми суы. Оны қаладағы орталық саябақтан ішуге болады. Саябаққа кіру ақылы, 2 адамға 10 лари. Ал суды ішу тегін, өзіңізбен бірге ыдыс болса, қалағаныңызша құйып алсаңыз болады. Минералды судың өзіндік дәмі, тіпті сәл иісі де бар, бірақ денсаулыққа өте пайдалы.

Минералды судан бөлек, саябақтың жоғары жағындағы тауға шығып, табиғатты тамашалауға кеңес беремін. Біз тауға баггимен көтерілдік, сондай-ақ арқан жолымен (канатная дорога) көтерілуге болады.

Тамақтану.

Біз барлық кезде жақсы мейрамханалардан тамақтануға тырыстық. Грузин асханасы приоритетте болды, тек соңғы күні ғана фастфуд жедік. Грузин асханасынан хачапури, хинкали және оджахури ерекше ұнады. Тағамдары өте дәмді, әрі порциялары үлкен. Бағалары әртүрлі, қалтаңызға қарай өте арзан орындар да, қымбат дәмханалар да бар.

Кәдесыйлар.

Грузиядан ең дұрысы біздің елде кездеспейтін тағамдар, дәмдеуіштер алған. Себебі, магнитканы басқа жерден де әкелуге болады. Ал Грузияда ғана болатын хмели-сунели, сван тұзы, тхемали соусы, чурчхеланы басқа жерден таба алмайсыз, және бұл заттарды ұзақ сақтауға болады. Қолданған сайын әр кез саяхатыңыз жайлы еске алып отырасыз.

Бобтан лайфак.

Грузияда үнемі интернет болғаны өзіңізге ыңғайлы болады, өйткені ең арзаны телефоннан Maxim такси қосымшасын қолданған. Оған тіркелу үшін грузин нөмірі керек. Ал сим карта және бір апталық шектеусіз интернет тарифті әуежайдан 35 лариге алуға болады. 

Грузияда 2GIS қосымшасы жоқ, сондықтан ең ыңғайлысы maps.me картасын қолдану. Бұл картадан тіпті метро станцияларын да көруге болады.

Грузиндер саудаласқанды ұнатады, әсіресе базарда жақсылап саудалассаңыз, көп затты жеңілдікпен алуға болады.

@bazarbek_qamysbayev

travelсделка
Скачать