Страны открытые для посещения Казахстанцам

Теңіз деңгейінен 2600 метр биіктікте… 

photo_5219815549335353845_y.jpg

Өмірімдегі ең ғажап, естен кетпес күннің батуы жанымды әлі күнге дейін жылытып келеді. Әлемнің 60-тан астам қаласында болсам да, мұндай күннің батуын алғаш рет көруім…Аспанды бір сәтке мың бояулы түстерге бояған күн басқа елде емес, өзіміздің Алматыдағы таулардан батты. 

Қазақстанда, дәл Алматы облысындағы Ассы үстіртіндегідей толыққанды биік таулы еркіндікті сезінетін жер басқа еш жерде жоқ! Ассы үстірті осында келгендердің барлығына тыныштық және өз пейзаждарының сұлулығын сыйлайды. Үлкен жайлау теңіз деңгейінен 2600 метр биіктікте орналасып, 40 км-ге дейін созылып жатыр. Мұнда Түрген шатқалының керемет көрінісі ашылады, ол жаз мезгілінде ерекше жарқын әрі айқын көрінеді!  Бұл таңғажайып орынды әдетте таулы жайлау деп те атайды. Себебі бұрындары оны жергілікті тұрғындар жазда мал жаю үшін қолданған бірақ қазірдің өзінде Ассыдан жайылып жүрген мал көп кездеседі. 

Пейзаждардан басқа, Ассы үстірті өзінің идеалды астрофизикалық жағдайымен танымал, мұнда қазір «Ассы»обсерваториясы деп аталатын обсерватория орналасқанын білесіздер ме? Ия, түнде аспанды жұлдыздар толықтай қаптайды! Ассы үстіртіне саяхат жасасаңыз, сіздер бір емес, Бартоғай, Аюлы сарқырамасы, Қайрақ сарқырамасы, Түрген сарқырамасы, Обсерватория сияқты бірнеше локацияларды көре аласыз! 

Алматы қаласынан Ассы үстіртіне қалай баруға болады?

Ассы үстіртіне 2 жолмен баруға болады: бірі жеке автокөлікте, екіншісі туристтік агенттік қызметіне жүгіну. Әрбір жолға жеке тоқталып кетейін:

Жеке автокөлікте. Егер сіз Үстіртке өз бетіңізше барғыңыз келсе, сізге жол талғамайтын көлік қажет болады, өйткені төселген жол жоқ. Мен Делика көліктерін жалға алуға кеңес берер едім, немесе асты биік көлікті жалға алып барыңыз. Бағыт Рысқұлов даңғылы мен Құлжа тас жолы қиылысынан бастау алады. 35 шақырым жүріп өтіп, оңға бұрылып, Есік қаласына бару керек. Royal Petrol жанармай құю алдында 57 шақырым жерде сіз қайтадан оңға бұрылып, эко-бекетке жетуіңіз керек. Экопост құны бір адамға 600 теңгеге дейін. 

Одан әрі Іле Алатауының тауларына параллель жүріп өту керек. Осылайша Түрген ауылына жетіп, оңтүстік бағытқа бағыт алып, күрт оңға бұрылу керек. Түрген шатқалы да осы жерден басталады. Оған дейінгі қашықтық Алматы қаласынан 90 км. . Жабдықталмаған тас жолмен 15 шақырымнан кейін Сіздің алдыңызда Ассы үстіртінің кеңістігі пайда болады! Маршруттың дәлдігі үшін геолокацияны қолданыңыз. Гугл карта қосымшасын пайдалануды кеңес беремін.

Екінші әдіс – демалыс күндері  осы аймақтарға тур жасайтын туристтік агенттік арқылы бару. Осы опцияны таңдап, сіз Ассы үстіртіне оңай жете аласыз. Мен жеке көлікпен емес, ОЛХ қосымшасынан осы аймақтарды жақсы білетін Делика көлігі бар жүргізушіні 1 күнге жалдаймын. Жүргізушіге 50-60К теңге беріп, достарыңызбен Ассы үстіртіне саяхттап қайтсаңыздар болады. 

Ассы үстірті басқа табиғи жерлерге қарағанда несімен ерекше?

Ассының табиғатын ешбір жермен салыстыруға келмейді! Мұндағы иістің өзі ерекше! Ең қатты ұнағаны – күннің батуын теңіз деңгейінен 2600 метр биіктікте тамашалау болды! Ассы үстіртінен бәрі басқаша, осы сапардан кейін мен зор энергия көлемімен қуаттана алдым. Аспанның түсі сары, қызғылт, күлгін түспен араласып, мүлде басқа әлемге тап болғандай сезім сыйлады. Ал кеш батқан кездегі аспандағы жұлдыздарға қарап тіліңді жұтып қоюға болады! Расында сізді ғарышқа жақын тұрғандай сезінуге мүмкіндік береді! 

Біз достарымызбен бірге 2 күнге келдік. Демалыс күшті өтуі үшін алдын-ала барлық қажетті заттарды дайындап алып келдік. Сіздер де кешкі ас, таңғы асқа қажетті азық-түлікті жеткілікті қылып алыңыз. Әсіресе түнде жағуға көптеп отын алуды ұмытпаңыз, себебі түнде өте суық болады.   

Сонымен Ассы үстірті деген не? Бұл таулы өзеннің көптеген арналары бойымен ағып жатқан биік таулы алқап. Ол ашық көк аспанмен, қар қақпақтарымен, гүлді шалғындармен, жылқылармен және басқа да жануарлармен керемет үйлеседі. Мұның бәрі керемет еркіндік сезімін, эстетикалық ләззат пен Таза табиғатпен бірлік сезімін береді.

БОБ-тан кеңес: 

Ассы үстіртін көру үшін 1 күн жетпейді, сондықтан міндетті түрде кемінде 2 күнге жоспарлап келіңіз. Мұнда ешқандай қонақүй салынбаған, алдын ала шатыр(палатка), спальный мешок және карематты алып келіңіз. Сенбі, жексенбі күндері мұнда адам көп болады, егер дүйсенбі-бейсенбі аралығында келсеңіз, табиғатпен үндестікте демала аласыз. Тағы бір кеңес, Обсерватория жанына емес, 2 км ары жүріп лагерь құрсаңыздар, ең әдемі күннің батуын толықтай тамашалай аласыз!  Сондай-ақ, жеке куәлік/төлқұжат, сізге қажет дәрі-дәрмектер, жеңіл тағамдар, су/шай, қосалқы шұлықтар, баскиім, жамылатын көрпе(одеяло) әкелуді ұмытпаңыз. Саяхатқа ыңғайлы аяқ киім киіңіз. Жаз мезгілі болса да онда кешке өте салқын болады. Таудағы ауа-райы құбылмалы, сондықтан өзіңізбен бірге жаңбыр жамылғысын(дождевик) алуды ұсынамын.

@Tolbassy Aigerim

Скачать