Страны открытые для посещения Казахстанцам

23 000 теңгеге Бурабайға қалай демалып қайтуға болады?

photo_2022-06-02_15-17-52.jpg

Астанада тұрғандықтан Бурабайға көп барамыз. Бірақ бұл жолы біз Бурабайды басқа қырынан көргіміз келді.

Әдетте, Бурабайға бір күнге баратын адамдар Бурабай көлінің жағасынан қайық не катамаран алып, Жұмбақтасқа барып қайтады. Сосын жаяу жүріп, Абылайхан алаңына барып, сол жерді аралайды.

Ал мен бүгін сіздерге Бурабайда қалай белсенді дамалуға болатынын айтып беремін. Саяхат сіз жолға шыққанда емес, жоспарлаған сәтте басталады.  Біз бұл саяхатымызды барынша бюджеттік сапар қылуға тырыстық. Қаласаңыз, аз ақшамен де күшті демалып қайтуға болады.

🚃 Арзандау болуы үшін біз Астанадан Бурабайға пойызбен бардық. Билет бағасы 2 адамға 3970 теңге болды.

❗️Пойыз Щучинск қаласының теміржол вокзалына келіп тоқтайды. Бірақ теміржол станциясының атауы – Бурабай курорты. Осы жағдай көп адамды әлі күнге дейін шатастырады екен. Біздің қасымызда Бурабайға барғысы келіп, бірақ билетті Көкшетауға дейін алып қойған адамдар болды. Көкшетау – ол бөлек қала, Ақмола облысының орталығы. Ал Бурабайға барғыңыз келсе, билетті «Бурабай курортына» дейін алу керек.

🚕 Ары қарай вокзалдан Бурабай көлінің жағасына бару үшін біз таксиге отырдық. Негізі такси бағасы бір адамға 500 теңге. Біз уақыт жоғалтқымыз келмей, 2000 теңге беріп, толық салон ақшасын төледік. Жол бойы керемет табиғатқа тамсанып отырып, жарты сағаттан соң Бурабай көлінің жағасына келдік.

🏄‍♂️ Мұнда келгендегі басты мақсатымыз – sup тақтайларда сырғанап көру еді. Сапсерфинг (SUP surfing) бұл серфингтің бір түрі, бұл жерде серфер тақтайда тұрып, ескекпен есу  арқылы суда жүзіп жүреді. Белсенді демалыстың бұл түрі елімізде соңғы жылдары қарқын алып келеді. Біз алдын ала Бурабайдағы сапсерфингпен айналысатын адаммен хабарласып, келісіп қойдық. 1 сағаттық Sup-серуен құны 1 адамға – 3000 теңге.

Нұсқаушы sup тақтайларда қалай жүзу керек екенін түсіндіреді. Қауіпсіздік мақсатында сізге құтқару жилеті, сондай-ақ телефоныңызға су өткізбейтін чехол да беріледі.

Нұсқаушының кеңесінен кейін біз көлге бет алдық. Қатты толқын болғандықтан, суға бірнеше рет құлаған кездеріміз де болды. Сондықтан, өзіңізбен бірне ауыстыратын киім, сүлгі алған жөн. Көлдегі бір сағат көзді ашып-жұмағанша өте шықты. Алған әсерді сөзбен айтып жеткізу қиын. Таза ауада, керемет табиғатта көл бетінде sup тақтайда қалықтап жүзген керемет екен!

🍔 Сосын сол жерде аялдап өзімізбен алып шыққан бутербродымызды жеп, шайымызды ішіп алдық. Табиғатта жегесін кез-келген тағам дәмді болатын сияқты. Біздің қасымызға көл жағасындағы шағалалар да келіп, оларды да аздап тамақтандырдық.

  ⠀

⛰ Бурабайдағы келесі локация – Бөлектау шыңы. Биіктігі теңіз деңгейінен 147 метр болатын бұл жерден керемет көрініс ашылады. Бөлектауға шығу үшін KazWay дүкенінің қасында арнайы соқпақ жол бар. Дүкенді табу үшін, жалпы Бурабайда жүріп-тұруға 2GIS қосымшасы жақсы көмектеседі.Шыңға шығуға шамамен 20 минут уақыт кетеді. Шыңға көтерілу қиын емес, бірақ кей жерлерінде тастың үсті тайғақ. Сол үшін ыңғайлы аяқ киім, треккинг таяқшасы болса артық емес. Айналаны көл жағасынан ғана емес, төбеден қараған басқаша әсер береді екен. Бөлектаудың төбесінен Бурабай көлін, Жұмбақтас пен Оқжетпес шыңы әдемі көрінеді. Шыңға шыққасын табиғаттан телефон арқылы емес, көзбен көріп ләззат алайық деп ұзақ отырдық.

Бөлектаудан асықпай төмен түсіп, тағы 3 километрдей жаяу жүріп Абылайхан алаңына келдік. Абылайхан алаңына бұрын да бірнеше рет келгендіктен, бұл жерді аралаған жоқпыз. Мақсатымыз тамақтанып алу еді. Сол жерде орналасқан «Достар» дәмханасына кіріп, пицца жеп, шай іштік.

Тамақ ішіп болғасын теміржол вокзалына дейін такси шақырдық. Щучинскке келіп, кешке 8 жарымда пойызға отырып, Астанаға қайттық.

💰Бір күндік белсенді саяхатымыз осылай өтті. Жұмсалған ақшаға келер болсақ:

— теміржол билеттері: 7 760 теңге;

— такси: 4 000 теңге;

— сапсерфинг – 6 000 теңге;

— кафе – 4 840 теңге;

— балмұздақ – 1000 теңге.

Жалпы бар болғаны 23 600 теңге ғана кетті. Міне, көріп тұрғандарыңыздай, саяхат үшін көп ақша керек емес. Есесіне саяхат беретін эмоцияны басқа еш жерден ала алмайсыз. Айтпақшы, саяхат BigBob өнімдерімен дәмдірек болатынын ұмытпаңыздар😎 

Қамысбаев Базарбек.

travelсделка Открой Казахстан
Скачать